ТУҒАН ЖЕР (Шертолғау)

Поэзия 新诗 1 пікір 4

ТУҒАН ЖЕР
(Шертолғау)

1. Текесім – текті мекенім

Туған жер десе, желпінбес жан көріп пе едің?!
Тауынан рух, суынан нәр беріпті елім.
Ауылға деген сағыныш – сарала мұңым,
Қобыз-кеудемде сарнайды саз болып менің.

Текесім менің – текті ордам – шаңырақ күні,
Түндігі – шаңқан бұлт-киіз, (арым ақтығы!)
Керегелері – таулардан, уығы – нұрдан,
Сағынамын деп ойлап па ем аңырап түбі?!…

Текесім менің, тегіннен төресі жердің,
(Салып көрейік, нанбасаң, келесіне елдің.)
Өтірік тұр ғой, сөзімде өсіру де жоқ,
Ересің маған, көресің, сенесің енді!

Текесім менің, тел өзен – еркелеп аққан,
Жағасын ару – тал-қайың көмкере жапқан.
Кештері мақпал – ұйыған уыз болатын,
Текесте атқан, бәрінен, көркем еді ақ таң!

Текесімдегі тауларым – ардағым бәрі,
(Тартып туған ғой тауына тарлан ұлдары.)
Әйнек-шатырын аспанның тіреген шыңдар,
Қиялыңды ұштап, самғатар арманыңды ары.

Қырлары-кілем толатын сан рең гүлге,
Аңдары өріп жүретін малымен бірге.
Орманы-күйші бөлесе жаныңды сазға,
Бал көмей құстар тербейді әнімен күнде.

Ойындағы егін – ырысты наным ертеңгі,
Орақшы қыздың, бидай өң, жаны көркем-ді!
Текестің апорт, лимоны, тарғыл алмасы…
Қамдайтын тұтас қытайды – алып өлкеңді.

Сайгүгіктерім көзіңді тұндырды ма, әкем?!
Кісінеуінен сездің бе, күмбірді бөтен?
Арыға бармай, Үйсіннен бергісін айтсам,
Текестің жері тұлпарлы, дүлдүлді мекен.

Тұлпарлар біздің, адаммен қатар ақылды,
Бір айлық жерге бір күнде апаратын-ды.
Ол кезде бізге Таң елі қыздарын беріп,
Қалың малына арғымақ ат алатын-ды…

Текесім менің, тарландар, алыптар елі,
(Шыққан жоқ әлі шындықтың жарыққа дені…)
Өзімнің жаным өзіме жұмбақтау әлі…
Соны таниды жеткізсең халыққа нені.

Ауыспақ заман, тоқтаусыз жосылмақ арман,
Бабамның ізі тауымның тасында қалған.
Дүлдүлдерімен дүниені дүр сілкіндірген,
Үйсін ханының ордасы осында болған.

Осында болған бабалар күнадан аман,
Солардан қалды ізгілік, сірәда, маған.
Осында өткен қара үзген, шипагер-емші –
Өтейбойдақтай данагөй, ғұлама бабаң.

Жайқалған мені тақырда шалғын ба деп пе ең?!
Құдіреттердің көкесі алдымда кеткен.
Жырларыменен жібіткен тастың да жанын,
Жүсіпбек қожа, Көдек пен Шарғындар өткен.

Отты өлеңменен қарсы алған күллі таңдарды,
Алдына алып сырласқан мұңлы тауларды.
Текесім менің, түлетіп, көкке самғатты,
Жырдың жампозы Әлімжан, Құлмұхандарды…

Саз-шашу мұнда Тәңірден шашылған ба екен,
Нән биге емес, ән-күйге бас ұрған мекен.
Домбыра-жүрек Қожеке, Мазақтар кеше,
Атағын Алтай, Арқаға… асырған мекен.

Олардың күйі елімнің сырындай еді,
Сырындай еді, жерімнің мұңындай еді.
Текесім менің Тұрсынжан, Құрманжандар мен,
Шалқыған Шамғон, нұр тұнған Нұрымбай елі.

Жатқан ба ерлер тағдырдың сұрап үкімін,
(Семсерлерім-ай, сабы жоқ, қынабы түгіл!)
Жалғыз қолмен-ақ жайпаған ата жауларын,
Жақыпберді де осы елдің қыраны-тұғын.

Алапат дауыл еліме неше рет төнді,
(Қой екеш қой да серкесіз кеше ме өткелді?!)
Дау менен жауға, осында, атойлап шыққан,
Нақысбектейін нар тұлға, шешен өткен-ді.

Текесім менің, дауылдан көрмеді тыным,
Жықпады бірақ, намыстың ерлері туын.
Ерғалилар мен Қызайжан, Бекмұхаметтер…
Бәрі де менің тауымның төлдері-тұғын!

Текесім менің, арқарлы, текелі мекен,
Текелі мекен, тектілер мекені де екен.
Тағатың жетсе тыңдауға сөзімді менің,
Текті ұлдар деген, бұл елде жетеді, көкем!

Текесім менің, мұзбалақ қырандар елі,
Қырандарымнан ұландар сыр аңдар еді.
Жеңілдеп қалдым Текесім, өзіңді әлі –
Қоса алмай жүрген жырыма кінәм бар еді.

Шыңдарым менің, шөкпеңдер, төмендемеңдер,
Төбеңде күнің жайнасын, төменде белдер.
Думанды дала, ән тұнған, ырысты мекен,
Текеске келсін жерұйық көрем дегендер!

Текеске келсең бәрін де көзің көреді,
Құптар ең сонда, қосылып, өзің де мені.
Осы өңір еді «мұзбалақ қыранымсың»- деп,
Шыңында шыңдап ұшырған, кезінде-е-е мені.

Текесім менің – Тәңірім, Жаратқаным да,
Самғай беремін, сен берген қанат барында.
Саясың маған өмірдің бар аптабында,
Панасың маған өмірдің бар ақпанында.

Саям барында өзіңдей, ұям барында,
Суыңдай сенің тасиды күй-ән қанымда.
Жасынға жанып топшымды.
Жарық әлемнің –
Самғап келемін сағымды қияндарында.

О, Текес!
Текес – тамырым тереңге кеткен,
Шыңыңдай сенің өбісер төбем де көкпен.
Қырыңдай сенің көңілім дарқан бір дала,
Суыңдай сенің ағысым өлеңде де өктем.

Маңдайға біткен жанарсың – көзімсің, Текес.
Таңдайға біткен өлеңсің – сөзімсің, Текес.
Бойдағы жалын, бітпейтін төзімсің, Текес,
Рухымның ұлық Қағаны өзіңсің, Текес!

О, текті мекен!
Сен Мысыр шәрісің, Текес,
Жалғанның мынау мәңгілік мәнісің, Текес.
Ғаламшарымның кіндігі, сәнісің, Текес.
Қара балаңның таусылмас әнісің, Текес!
2. Туған жерім – тұғырым

Бұйырыпты несібемді қиырдан,
(Шүкір Алла, жоқ қазірге сұйылған!)
Жүрегімнен жанар тау боп атылды,
Сағынышым туған жерге жиылған.

Ой көгімнен таң шапағын түрем деп,
Жырым ғана жан жарамды жүр емдеп.
Сыр сандықта бір сандық боп сағыныш,
Атай көрме, төгілуге тұр ендеп.

Тәңірімдей табындырған текті елім,
Сені аңсамай батар күнім жоқ менің!
Бір кездегі шыбық-арман сендегі,
Міне бүгін байтерек боп көктеді.

Сағым – қиял қанат болмай тілекке,
Жүрек сыздап, кебіңкіреп жүр өкпе…
Туған жердің сағынышы меңдеді,
Содан болар, әжім түсті жүрекке.

Көтере алмай сағыныштың салмағын,
Бүкшиеді тау көтерер тарлан ұл…
Тіпті қиын өзегімді өртейді,
Бүлдіргенге бала қызбен барғаным…

Бала қызың бүлдіргенге баратын,
Баратын да әсем әнге салатын.
Сонда менің ысып-күйіп жүрегім,
Бүлдіргендей мыж-мыж болып қалатын…

О, туған жер!
Өмірдегі өр есім.
Күнім болып көктен шуақ төгесің.
Ойлағанда өзегімді от қылып,
Сағынғанда қабырғамды сөгесің.

Менде бардың бәрін алғам өзіңнен,
Өмірді де көрем сенің көзіңмен.
О, туған жер, саған деген сезімді,
Қара жерге ала кетем өзіммен.

Сен дегенде туған жердің даласы,
Бүйрегімнің бүлінуін қарашы!
Сенсің менің тірліктегі тұғырым,
Сенсің менің көңілімнің санасы.

Сен дегенде жалын буып көзімді,
Ұмытамын сабыр менен төзімді.
Саған айтар сырым да көп, жыр да көп,
Жеткізе алсам жарар еді-ау сөзімді.

О, туған жер, текті мекен, ар мекен,
Неге сенен алыс кетіп қалды екем?!
Туған жердің құшағында, еркеле-е-еп –
Жүргендерде, сірә, арман бар ма екен?!

Өзгелерге ұқсамаса бөстегім,
Демек менің өзгешелеу өскенім.
Сенде жүрсем жарасатын еркелік,
Жарасатын артық-ауыс бөскенім…

Сағындым мен, сағындым мен бәрін де,
Сенсің қазір сөзім, жырым, әнім де…
Байланғасын кіндігімнен мен саған,
Сағыныштан сарғаярым мәлім де.

Беу, Тәңіртау, сен болғасын тұғырым,
Мен биікпін, мен өзіңдей ірімін.
Шыңырауың тереңдігін бергенде,
Тұмаларың силап еді тұнығын.

“Мысыр шәрім” сенсің менің, құтты елім,
Топырағың – менің жаным, түп-тегім!
Тауларыңмен арманымды аптадым,
Бау-бағыңмен көңілімді күптедің.

О, туған жер, сені ойлаймын бір тынбай,
Сен дегенде селдейді жыр бұлтыңдай.
Сенсең қазір менің қаңғай көңілім,
Құлазып тұр көшкен елдің жұртындай.

Мен – қызғыш құс, сен мен үшін айдынсың,
Арқалансам тірегімсің, айбынсың.
Ойхой Текес, енді маған армансың,
(Арман да емес,) менің тәтті қайғымсың!

Айналайын, құт мекенім, атыңнан,
Жылға сайын жылмаң бұлақ сапырған.
Шыршалары – кілең батыр ақырған,
Ақ бас шыңдар – абыз қартым ақылман.

Жарастың ба, ата мекен, заманға,
Елім, жерім, өзен-көлім аман ба?
Менің сенде туғандығым шын болса,
Сен де мені ұмытпассың, әманда…

Атар таң да, шығатұғын күн де сен,
Қолқа-жүрек, сана-сезім, тіл де сен…
Жаратқан да, Тәңір, Құдай, Пір де сен…
Мына мені, өз еркіңде, кім десең…

Өзегіңді өрт-жалыны меңдеткен,
Ыстық еді, туып өскен ел неткен!
Талай көрдім жерұйықты, бірақ та –
Мен Текеске тең таппадым жер-көктен.

Айта берем арызымды, аңдасаң,
Сағынышым селдей бермек, жалғасам.
Мен Текеске тең таппадым, бауырым,
Ауылыма қонаққа кел, нанбасаң.

Қанша амырақ болсақтағы қалаға,
Біздің кіндік арқандалған далаға.
Сол даланың бір пұшпағы бұл Текес,
Жүр менімен, жерімді көр, арала!

«Әуп, Бисмілла» – істің басы, саспайын,
Артық айтып, әдептен де аспайын.
Ал, қанеки құлағың сал, сапарды,
Шығыстағы қаратаудан бастайын.

Бұл қаратау аты әйгілі «Ешкілік»,
Қылыш мүйіз бір серкесі – бестілік.
Ешкісімен ел құтайған бұл таудың,
Сан соқтық-ау, қасиетін кеш біліп!

Қаңтар айы «Ешкілікте» мамырдай,
Жазда көрсең майға бөккен сауырдай.
Өріп жүрген тауешкісі, елігі…
Аң боп кеткен Қарынбайдың малындай.

Оң жағыңда «Тәңіртаудың» сілемі,
(Бұл тауымды жалпақ жаһан біледі.)
Дәл осы тау – күміс тәжі ғаламның,
Дәл осы тау – көк аспанның тірегі!

Аспантаудың сай-саласы, бөктері,
Біздің елдің жайлау, қыстау, көктеуі.
Шынымды айтсам, сағым тұнған бөктерден –
Көрген жерден көрмегенім көп менің…

«Қаражоным», жайлау емес, жұмақ қыр,
Күннің өзі құштарлықтан құлап тұр…
Онда барсаң тыңнан рух табасың,
Ал ескісін, былжыратпай, лақтыр!

«Қарағанды», бұл да жайлау құйқалы,
Күні – думан, түні – ән-жыр, күй – таңы.
Бұл жайлаудың, бәрін айт та бірін айт,
Ағып жатқан қара суы шипалы.

Кең пішілген шекпендейін етегі,
Бір шетіне бір күн жүріп жетеді.
Жалғыз өзі бес мың жылқы айдаған,
Осы жайлау Қозыбайдың* мекені.

Келген елден қайысып бір көк белдер,
Осы әйгілі «Тойеке асы» өткен жер.
«Мәжіліс боп Қозыбайдың үйінде»,
Әсет ақын әсем ән-жыр төккен жер…

«Қапсалаңым», егіз екі «Құштайым»,
Сағынғанда ұшам оған құстайын.
«Көксуым» мен «Шолақтерек», «Көктерек»,
Күміс аққан, ырыс аққан үш сайым.

Батыстағы «Аттыңтауы» – берекем,
Үсті жайлау – тарқамайтын мерекем.
Ер Қабанбай ат шалдырып, қонғанда –
Депті дейді: “нағыз аттың жері екен!”

Содан бастап аталыпты «Аттауы»,
Жетпей жатыр бұл тауымның мақтауы…
Нар түйедей шөгіп жатқан бұл тауды,
Десем, мүмкім, жарасады «бақ тауы».

Сол жағыңда «Үйсін тауы» көсілген,
Сол тау мені бағып-қағып өсірген.
Осы таудың әр түп талы, әр тасы,
Менің әсте шықпақ емес есімнен.

Анау тұрған «Ақ шоқыға» қарашы,
Секілді бір Үйсін таудың данасы!
Соған шығып маңайыңа қарасаң,
Көрінеді жалпақ Іле даласы.

Шоқы басы тола қорған, расында,
Ойдым-ойдым жазулар бар тасында.
Аңыз айтса, Үйсін Күнби ордасы –
Болса керек «Ақ шоқының» басында…

Үш «Мыс» пенен жер шырайы «Суасу»,
Талай тердік бүлдіргенін, жуасын…
«Суасудың» елі қандай, пейілі бай,
Күтеді олар қарсы алғандай құдасын!

Ал, бері ассаң «Шилөзегім» тұрыпты,
Мекені бұл бабалардың рухты.
Әкем менің дәл осында туыпты,
Атам мұнда болыстығын құрыпты.

Махаббат та «Шилөзекте» гүл ашқан,
Қырларынан сүйіктіммен бір асқам.
Қырды асып бір, сырласып бір қайтқанда,
Ойхой шіркін, атушы еді-ау, рас таң!

Қос «Бақалық» – бақыт тұнған жондары,
Маған арман бағыштаған ол дағы.
«Таңбалыға» жалғасады етегі,
Бұл жердің де ырыс-құты қордалы.

Әнеу бір жон дүмін берген бөлекше,
«Ақтас» деген хан жайлау ол, ерекше.
Құшақ жайып Іле жаққа қарайды,
Суын, нуын беріп жатыр керексе.

Астындағы боз адырың «Қаңғайым»,
Безереді бедеу болған жандайын.
«Ақтас» оған бір жұтым су бермейді,
Тек жаңбырмен жібітеді таңдайын.

«Қаңғай» солай жатушы еді шаңданып,
Соңғы кезде қалса керек жанданып.
Орманды алқап жасаймыз деп ол жерді,
Жатыр дейді жерлестерім қамданып.

Оған қатар жатқан жазық – «Ақшиім»,
«Ақши» менің ырыс-құтым, бақ, сыйым.
Кіндік қаным осы жерге төгілді,
Әкем басы осы жерде көмілді,
Онда Дүкен, қандыр суға шөліңді.
Бұл өзіңнің аңсап келген Ақшиің,
Топырағына ауна-қуна, жат, сыйын!!!
3. Ақшиім – ауылым

Қайран да Ақши – ауылым,
Артымда қалған сауығым.
Аппақ шилері ормандай,
Тал-теректері қорғандай,
Жаһанда жаннат жер едің,
Қыдыр да қалап қонғандай.
Думан мен тойдың кені едің,
Жәрменке күнде болғандай.
Ұлдары кілең мұзбалақ,
Шар болаттан жонғандай.
Арулары ақ тамақ –
Ай он бесте толғандай.

Уа, қайран да менің Ақшиім,
Мединем,Меккем, бақ сиым.
Өмірде сенде келген ем,
Анамнан ақ сүт емген ем.
Тайымды ерттеп сал күрең,
Тарлан ұлдарға ерген ем.
Қол бұлғап сонда Тәңіртау,
Қанатым бекем сермегем.
Ай мүсін қыздар жүрегін,
Балаң жырыммен тербегем.
Жарысса да жырменен,
Салысса да тілменен,
Ешкімге есе бермеп ем.
Шаңтастың мініп атына,
Бала диқан боп терлеп ем.
Өгіз шанамен бау тасып,
Түйетас, Ашылы… керлеп ем.
Сол кезде көңіл – қоймама
Сарқылмас байлық теңдеп ем.
Бабаларымдай толғанып,
Бала қырандай қомданып,
Арман – тауларға өрлеп ем.
Жалғанда – жердің бетінде,
Өзіңдей мекен кем де кем.
Сырқаттың бәрі мендегі –
Сағыныш дерті сен деген…

Еһ, қайран да Ақши – ауылым,
Сайран да думан,сауығым.
Ары жақта қалған базарым,
Зар жақ та қылған ғазалым.
Арқалап мұнда мен жүрмін,
Сағыныш – күйік азабын.
Тексіздер егін екті дейд,
Ауылдың бұзып мазарын.
Тайқы маңдай тағдыр-ай,
Бітпей де қойды-ау мазағың…

Е-е-е, қайтейін Ақшиім,
Басымнан ұшқан бақ,сиым.
Мен отанда жүргенмен,
Күлгенге еріп күлгенмен,
Аңқ-аңқ етіп баратын,
Ауылы жоқ пақырмын.
Сабым алтын болғанмен,
Бауыры тесік бақырмын.
Жүректің түгі болғанмен,
Бес қарусыз батырмын.
Тамыры жоқ, діңі жоқ,
Тілі бар да, үні жоқ,
Аспаннан түскен ақынмын.
Мың бұлағы суалып,
Гүл-құрағы қуарып,
Аңқасы кепкен тақырмын.
Мен ауылы жоқ пақырмын.

Ұқсас тақырыптар:

Оқи отырыңыз

  • IF

    Ит

1 пікір

  1. Арайбек Амантайұлы 28 Наурыз 2011 at 13:38

    Аға, сайт құтты болсын! Сіз сияқты халық жанашырлары көбейе берсін! Қазақ халқына бұл сайттың берері көп деп ойлаймын.

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы :

Back to Top