Күз суреті

Поэзия 新诗 Еш пікір жоқ 16

Күз суреті

Сары сағым сапырылса түзге келіп,
Буынын бекітпей ме біздегі ерік.
Тамыздың тамашасы аяқталып,
Күз де келіп қалыпты-ау, күз де келіп.

Өзге емес!
Бәз баяғы өз мекенім.
(Өзгермесе жатсынбас көз де тегін).
Даланың жасыл тоны қайда кеткен,
Мынаусы ақ сабан ба, бөз бе тегі….

Тал-терек түймелері тозды білем,
Үзіліп түсіп жатыр өздігінен.
Жаздағы жасыл әлем ғайып болып,
Жалпақ қыр танытады тозғын рең.

Сары желі азынап бір қарашаның,
Түндікті сабалайды бара салып.
Қойларын жәй өргізіп бара жатыр,
Қарашаның құрдасы қара шалың.

Сабырлы қалпын сақтап арай далам,
Бозарып қызусыз күн қарайды оған.
Таулардың қырқа жонын жанай барып,
Боз тұман жөңкіледі жел айдаған.

Бәрі боз.
Күз бояуы – бозғыл рең,
/Кешегі жасыл  манат тозды кілем/.
Басып тұр қалың қамыс бір әуенге,
Шіркіннің бір сезімі қозды білем…

Жалаңаш, қаланың   да түрі бөтен,
Құстар  да кеткен іздеп жылы мекен.
Бір сарын талып жетті құлағыма,
Кім білсін, соңғы аққуың үні ме екен?

Күз суреті-ай,
Жаза алсаң, шіркін, дастан,
Жөңкіледі бұлт-сезім бір тынбастан.
Кәрі құданың інісі-күз де келді –
Сақал-шашын қырынып, мұртын басқан.

Ұқсас тақырыптар:

    Табылмады

Оқи отырыңыз

  • IF

    Ит

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы :

Back to Top